Content-Length: 343727 | pFad | http://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%91%D2%B0%D2%B0

Біріккен Ұлттар Ұйымы — Уикипедия Мазмұнға өту

Біріккен Ұлттар Ұйымы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(БҰҰ бетінен бағытталды)
Біріккен Ұлттар Ұйымы
ағылш. United Nations

араб.: الأمم المتحدة
фр. Organisation des Nations unies
орыс. Организация Объединённых Наций
ис. Organización las Naciones Unidas

қыт. 联合国

     БҰҰ-ға мүше мемлекеттер      БҰҰ жанындағы бақылаушы мемлекеттер (Палестина, Ватикан)      2 мүше емес қолайлы мемлекеттер (Ниуэ, Кук аралдары)      17 өзін-өзі басқармайтын аумақтар      Антарктида (халықаралық аумақ)

Мүшелік:

193 мүше мемлекет,
2 бақылаушы мемлекет

Штаб-пәтер:

 АҚШ, Нью-Йорк

Ұйым түрі:

Халықаралық үкіметаралық ұйым

Басшылары
Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы

Антониу Гутерреш

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары

Әмина Джейн Мұхаммед

БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы

Абдулла Шахид

БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің төрағасы

Коллен Виксен Келапиле

Құрылуы
БҰҰ Жарғысына қол қою

26 маусым 1945 жыл

Жарғының күшіне енуі

24 қазан 1945 жыл

www.un.org
www.un.int
Ортаққор логотипі Біріккен Ұлттар Ұйымы Ортаққорда

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) — халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытуға, халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізуге және мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру орталығы болуға бағытталған үкіметаралық ұйым.

Ол – әлемдегі ең ірі, халықаралық деңгейде ұсынылған және ең қуатты үкіметаралық ұйым.[1]

Бас кеңсесі – Нью-Йорк, АҚШ-та орналасқан. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның құрамына 193 мемлекет кіреді.

«Біріккен Ұлттар» атауын АҚШ президенті Франклин Делано Рузвельт ұсынды.

Декларациясы Сан-Францискода 1945 жылы 24 қазанда қабылданды. Сол күн БҰҰ күні деп жарияланды.

Тарихи шолу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Біріккен Ұлттар Ұйымының ең басты әрі негізгі құжаты оның Жарғысы болып табылады. Тарихи деректерді алға тартсақ, Ұйым Жарғысының жобасы КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен жасалған.

Құжат бес тілде – орыс, ағылшын, қытай, фран­цуз және испан тілдерінде дайындалып, оған 1945 жылдың 26 маусымында Сан-Франциско конференциясында 51 мемлекет қол қойды.

Ал Жарғы сол жылдың 24 қазанында аталмыш конференцияға қатысушы елдердің Жарғыны ратификация­лауларына байланысты күшіне енгізілді. Содан бері 24 қазан халықаралық қоғамдас­тықта Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылған күні ретінде кеңінен аталып өтіп жүр.

Көпшілікке жақсы таныс, Ұйымға мүше барлық мемлекеттер кіретін Бас Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының бас органы саналады. БҰҰ-ға мүше елдердің әрқайсысы шешім қабылдау кезінде бір дауысқа ие болады. Жалпыға ортақ ерекше маңызды мәселелер, атап айтқанда, бейбіт­шілік пен қауіпсіздік, Ұйымға жаңа мүше­лер мен оның бюджетін қабылдау мәселе­лері БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің үштен екісі қатысып, дауыс беру қорытындысы бойынша шешіледі.

Сондай-ақ, Бас Ас­самблея Ұйымның бюджетін қарап, бекітеді. Ұйымның әртүрлі органдарына мүшелер Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынуымен БҰҰ-ның Бас хатшысын сайлайды. Қазіргі таңда, Қауіп­сіздік Кеңесіне Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Франция мемлекеттері тұрақты мүше болып келеді. Сондай-ақ, біраз жылдардан бері Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері қатарын көбейту жөнінде мәселе қозғалып жүр. Бірақ ол әлі шешімін тапқан жоқ.[2]

Жарғысына сәйкес, БҰҰ өз қызметінде келесі 4 мақсатты көздейді:

  • бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау;
  • ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту;
  • халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау;
  • осы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болу.

БҰҰ өзінің көп қырлы функцияларын қосқанда әлемдік қауымдастық қызметінің барлық дерліктей салаларын қамтиды. Оның өзектілігі, әсіресе өсіп келе жатқан ғаламдық тәуелділік пен мемлекеттердің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде күш-жігерін біріктіруді талап етумен ерекшеленетін қазіргі заманның қақтығыстарын шешудегі рөлі өте зор.

БҰҰ мүше-мемлекеттері үшін басты маңыздылық Ұйымның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау секілді өзекті мәселелерді шешуге қатысуы болып табылады. Ұйым, сонымен қатар лаңкестік, есірткінің заңсыз айналымы мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша халықаралық күш-жігер бастамасын көтерді.

Бүгінгі таңда ол халықаралық қауымдастықтың көкейкесті мәселелерін шешудің өзінше бір орталығына айналды: БҰҰ адам құқығын құрметтеуді қолдау, қоршаған ортаны қорғау, аурулармен күрес, жоқшылық ауқымын тежеу, босқындарға көмек, миналарды залалсыздандыру және ЖҚТБ-мен күрес бойынша жүйелі жұмыс атқаруда.

БҰҰ-ның басты мақсаттарының бірі - бүкіл әлемде бейбітшілікті сақтау. Көптеген жылдар бойына ұйым халықаралық дағдарыстардың алдын-алу және ұзаққа созылған қақтығыстарды шешуде маңызды рөл атқарып келеді. Бейбітшілікті орнату мен сақтау және гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі кешенді операцияларды жүзеге асырды. Сонымен қатар ол өршіп келе жатқан қақтығыстардың алдын-алу шараларын қолға алды. Қақтығыс соңынан кейінгі жағдайларда ол зорлықтың түп негізін жою мен тұрақты бейбітшілік негізін салуға бағытталған ұйымдасқан шараларды жиі қолға алуда.

  1. Бас Ассамблея — БҰҰ Жарғысы шегінде кез келген іс пен мәселені талқылау, мүше мемлекеттерге ұсыныс әзірлеу уәкілетін иеленеді, Қауіпсіздік Кеңесінің жыл сайынғы әрі арнайы баяндамаларын талқылап, бүкіл Ұйымның бюджетін қарап, бекітеді. Қауіпсіздік және Экономикалық-әлеуметтік кеңестерге мүшелерді тағайындайды. Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынуымен Бас хатшыны 5 жылдық мерзімге тағайындайды және Халықаралық сот мүшелерін тағайындадйды. Бас Ассамблея отырысы жыл сайын қыркүйек пен желтоқсан айлары арасында өтеді.
  2. Қауіпсіздік кеңесі — халықаралық бейбітшілік пек қауіпсіздік үшін күреседі. Оның шығарған барлық шешімдеріне БҰҰ мүшелері бағынуы тиіс. Бес тұрықты мүшелері (Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай) вето құқығына ие. Ал қалған 10 түрақсыз мүшелерді БҰҰ уставының 23-бабына сәйкес сайланады.
  3. Хатшылық — бұл әлемнің барлық БҰҰ кеңселерінде түрлі ресми жұмыстармен айналысатын халықаралық персонал. Негізгі кеңселері Нью-Йоркте, Женевада және Венада.Хатшылықты бас хатшы басқарады.
  4. Экономикалық және әлеуметтік кеңес — 5 аймақтық комиссиядан тұрады: Европалық экономикалық комиссия, Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссия, Батыс Азия үшін Экон. және әлеум. Ком., Африка үшін, Латын Америкасы және Кариб бассейні үшін.
  5. Қамқорлық жөніндегі кеңес — негізгі міндеттеріне қамқорлыққа алынған территория тұрғындарының саяси, экон., әлеум. пргресіне, оның білім беру саласында ілгерілеуіне, оның өзін өзі басұаруға немесе тәуелсіздікке жету бағытында прогресситі дамуына жәрдемдесу жатады. 1994 ж. 1 қарашада уақытша жұмысын тоқтатты.
  6. Халықаралық сот — мемлекеттер арасында даулы мәселелрді шешетін, сондай-ақ, БҰҰ органдарының, оның мамандандырылған мекемелерінің құқық мәселері бойынша ұсыныстық ұйғарым шығаратын ең басты ұйым саналады. 15 тәуелсіз соттардан тұрады. Олар басқа жүмыстармен айналысуға құқықтарынан айрылған және дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттерге ие. Сотқа тек мемлекеттер қатыса алады, ал жеке және физикалық түлғалар қатыса алмайды.
  7. 16 арнаулы мекеме: Дүниежүзілік банк, Атомдық энергия бойынша халықаралық агенттік, ЮНЕСКО, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, БҰҰ-ның балалар қоры,БҰҰ-ның өнеркәсіпті дамыту жөніндегі мекемесі,т.б., және арнаулы комиссиялар: Халықаралық құқық комиссиясы, Халықараралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы.

Ресми тілдері: ағылшын, араб, испан, француз, қытай, орыс.

БҰҰ-ның Жарғысы осы ұйымның бас құжаты болып табылады. Онда мүше-мемлекеттердің барлық міндеттері мен ұйымның қағидалары баяндалған.

Қазақстан және Біріккен Ұлттар Ұйымы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
1995 жылғы Біріккен Ұлттар ұйымына 50 жыл пошта штампы

Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясы­ның 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсынысты алға тартты. Оның біріншісі – барлық үкіметтердің ізгі ниет білдіру тәртібімен “бір+бір” формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Осылай еткенде он жылдан соң бітімгершілік сомасы он есеге өседі. Екінші ұсынысы – Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ БҰҰ-дан қолдау тауып, Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды.

2005 жылғы Біріккен Ұлттар ұйымына 60 жыл пошта штампы

1992 жылдан бері Қазақстан тек қана халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде қабылданып қоймай, сонымен бірге онда өзінің лайықты орнын таба білді.

Қазақстанның БҰҰ жүйесі жұмысына қатысуы еліміздің көпжақты дипломатиясының басты бағыттарының бірі, ол елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға септігін тигізіп, әлеуметтік-саяси, экономикалық және қоғамның т.б. салаларында қолайлы халықаралық жағдайларды туғызады. Осы бағыттың негізгі мақсаты халықаралық сахнада ҚР-ның ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мүдделерін, саясат пен экономикада әділетті әлемдік тәртіп пен орнықты даму ортасын құруды, әлемдік қауымдастық мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіруді көздейді.

Мемлекетіміздің басшылығы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды салаларындағы БҰҰ-ның рөлін күшейтуге бағытталған БҰҰ Бас Хатшысы К.Аннанның қызметін қолдай отырып, ҚР-ның осы беделді ұйым, оның мамандандырылған мекемелері, қорлары және бағдарламаларымен ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған бағдар ұстануда.

Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы тарихындағы басты шаралардың бірі БҰҰ Бас Хатшысы К.Аннанның Қазақстанға 2002 жылғы 17-18 қазандағы ресми сапары болды, ол Қазақстанның БҰҰ-мен онжылдық ынтымақтастығының нәтижелерін бекітіп, ықпалдастықтың болашағын айқындады.

Мемлекеттікті құру сатысында Қазақстанға сарапшылар, техникалық және қаржы көмегін тарту ісінде БҰҰ Даму Бағдарламасы, Балалар Қоры, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар.

БҰҰ-ның Жарғысын мүлтіксіз орындау негізінде, Қазақстан Ұйымды нығайту мен БҰҰ басшылығымен әлемдік қауіпсіздік жүйесін құруға күш-жігер жұмсауды толық жақтайды.

2003 жылғы Біріккен Ұлттар ұйымының Алматыдағы конференциясы

БҰҰ-ның қазіргі таңдағы маңызды мәселелерді шешудегі басым рөлін тани отырып, Қазақстан осы ұйымда орын алып отырған үрдістерден тыс қала алмайды. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері бүкіл әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіне үлкен үлес қосып келеді. Ядролық қарудан бас тарту, Азияда сенім шараларын орнату, Еуразия кеңістігінде интеграциялық үрдістерді нығайту, өркениеттер мен діндер диалогын шақыру – осының бәрі біздің мемлекетіміздің БҰҰ Жарғысының ұстанымдары мен мақсаттарына сәйкес атқарған істерінің әлі де толық емес тізімі.

Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін және оның бітімгершілік әлеуетін нығайту жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсете отырып, БҰҰ-ның резервті келісім-шарттар жүйесі мандатын кеңейту шараларын оң бағалайды. Қазақстанның осы бағытта белсенді қызмет атқаруының дәлелі Қазақстандық бітімгершілік батальонының (Қазбат) құрылуы, әрі осы батальон сарбаздарының Иракта тұрақтандыру күштері қатарында қызмет көрсетуі болып табылады.

Қазақстанның 2018 жылғы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі орны

Қазақстан 2003 жылы БҰҰ-ның дайындық іс-шаралары жүйесіне үлес қосу жөніндегі Өзара түсіністік меморандумына қол қойып, қазіргі таңда бітімгершілік операцияларға Қазбат батальонының адам, бронетехника және көлік ресурстарын бөлуге дайындығын, әрі БҰҰ-ның бітімгершілік операциялары үшін сатып алулар жүйесінде неғұрлым белсенді қатысуға ынтасын білдіреді.

Біз БҰҰ мен аймақтық ұйымдар арасындағы ықпалдастықты кеңейтуді, әрі аймақтық ұйымдардың өздері арасындағы ұйымдасқан қылмыс, есірткі қаупі, заңсыз миграция, діни экстремизм, жоқшылық пен АҚТҚ/ЖҚТБ таралуымен күресте серіктестік байланыстарын кеңейтуді қуаттаймыз.

Қазақстан БҰҰ-ның және оның мамандандырылған мекемелерінің мүмкіндіктерін Арал теңізінің тартылуы, Семей сынақ алаңының радиоактивті ластануы, ауыз-су көздерінің ластануы секілді техногендік және экологиялық апаттардың экономикалық және гуманитарлық салдарларын азайтуға мақсатты түрде пайдалануды көздейді. Осы тұрғыда жеке назарды Мыңжылдық даму мақсаттары мен орнықты даму ұстанымдарын жүзеге асырудағы Қазақстанның белсенді қатысуына аудару керек.

1992 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің, қорларының және бағдарламаларының өкілдіктері жұмыс істеуде. Олардың қызметі техникалық, кеңес және қаржылық көмек көрсетуге бағытталған.

Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Қазақстанда келесі 15 ұйымы жұмыс істейді: Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Халық қоныстану қоры (ЮНФПА), БҰҰ есірткі және қылмыс мәселері жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ), БҰҰ Жоғарғы комиссарының босқындар ісі жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЖКББ), БҰҰ Еріктілері (БҰҰЕ), Әйелдер қоры (ЮНИФЕМ), Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), БҰҰ білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), БҰҰ өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (ЮНИДО), Дүниежізілік Банк (ДБ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), АТҚБ/ЖТҚБ жөніндегі БҰҰ бағдарламасы (ЮНЭЙДС) және Қоғамдық ақпарат жөніндегі департамент (ҚАД).

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) - жалпы құзыры бар, ашық түрдегі халықаралық, мемлекетаралық әмбебап ұйым. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1945 жылы КСРО, АҚШ, Ұлыбритания және Қытай арасындағы келісім негізінде құрылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы 1945 жылдың 26 маусымында қабылданып, 1945 жылдың 24 қазанында күшіне енді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен принциптері Жарғының 1-2 баптарында бекітілген. Осыған сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымы мына мақсаттарды көздейді:

  • халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
  • ұлттардың теңдігі және өзін-өзі басқару принципін құрметтеу негізінде халықтар арасында достық қарым-қатынасты дамыту;
  • экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуде және адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын дамыту мен қолдауда әріптестікті жүзеге асыру;
  • ұлттардың осы мақсаттарға жету жолында үйлестіруші орталық болу. Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі принциптерге сүйеніп әрекет етеді:
  • оның барлық мүшелерінің егеменді теңдігі;
  • олардың мойнына алған барлық халықаралық міндеттемелерді адал орындауы;
  • олардың арасында туындайтын халықаралық дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу;
  • басқа мемлекеттерге қарсы күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоқы көрсетпеу;
  • олар Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес жүргізілетін барлық шараларға жанжақты кәмек көрсетуі керек;

Біріккен Ұлттар Ұйымы оған мүше емес барлық мемлекеттердің осы принциптерді ұстануын талап етеді, өйткені бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет;

Біріккен Ұлттар Ұйымына Жарғы ешқандай жағдайда мемлекеттердің ішкі ісіне жататын әрекеттерге араласуына құқық бермейді. Кез келген бейбітшілік сүйгіш, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын мойындап, ондағы міндеттемелерді орындауға келіскен мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше бола алады. Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдері: қытай, ағылшын, француз, орыс, испан тілдері. Бұлардан басқа Бас Ассамблеяда, Қауіпсіздік Кеңесте және Экономикалық және әлеуметтік кеңесте ресми тіл ретінде араб тілі қосылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымы алты басты органнан тұрады.

Ол: Бас Ассамблея (БА), Қауіпсіздік Кеңесі (ҚК), Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Халықаралық сот, Қамқорлық жөніндегі Кеңес және Хатшылық.[3]

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы БҰҰ-ның басты әкімшілік қызметкері және БҰҰ Секретариатының басшысы болып келеді.

Аты Фото Мемлекет Өкілдіктің басталуы Өкілдіктің аяқталуы
0 Глэдвин Джебб
Ұлыбритания Ұлыбритания
(Батыс Еуропа)
24 қазан 1945 1 ақпан 1946
1 Трюгве Хальвдан Ли
Норвегия Норвегия
(Батыс Еуропа)
2 ақпан 1946 10 қараша 1952
2 Даг Хаммаршельд
Швеция Швеция
(Батыс Еуропа)
10 сәуір 1953 18 қыркүйек 1961
3 У Тан
Бирма Бирма
(Азия)
30 қараша 1961 1 қаңтар 1972
4 Курт Вальдхайм
Аустрия Аустрия
(Батыс Еуропа)
1 қаңтар 1972 1 қаңтар 1982
5 Хавьер Перес де Куэльяр
Перу Перу
(Оңтүстік Америка)
1 қаңтар 1982 1 қаңтар 1992
6 Бутрос Бутрос-Гали
Мысыр Мысыр
(Африка)
1 қаңтар 1992 1 қаңтар 1997
7 Кофи Аннан
Гана Гана
(Африка)
1 қаңтар 1997 1 қаңтар 2007
8 Пан Ги Мун
Оңтүстік Корея Оңтүстік Корея
(Азия)
1 қаңтар 2007 1 қаңтар 2017
9 Антониу Гутерреш
(порт. António Guterres)
Португалия Португалия
(Батыс Еуропа)
1 қаңтар 2017 Қазір офисте


Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. https://www.un.org/en/about-un/
  2. Балалар энциклопедиясы, III-том
  3. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3








ApplySandwichStrip

pFad - (p)hone/(F)rame/(a)nonymizer/(d)eclutterfier!      Saves Data!


--- a PPN by Garber Painting Akron. With Image Size Reduction included!

Fetched URL: http://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%91%D2%B0%D2%B0

Alternative Proxies:

Alternative Proxy

pFad Proxy

pFad v3 Proxy

pFad v4 Proxy