Аполлон 10
Аполлон 10 | |
---|---|
Ұйымы | АҚШ, НАСА |
Тапсырысы | Адам басқаратын ғарыш кемесі |
Ұшыру күн-айы | 1969 ж. 18 мамыр, Кеннеди ғарыштық орталығы |
Сөре көлігі | Сатурн-5 зымыран-тасығышы |
Тапсырыс ұзақтығы | 8 күн 00 сағат 03 минут |
NSSDC нөмірі | 1969-043A |
Массасы | Басқару модулі 28 830 кг Ай модулі 13 941 кг |
Аполлон 10 (ағылш. Apollo 10) — Айға адамды жеткізу бағдарламасы бойынша соңғы сынама ұшуды орындаған америкалық ғарыш кемесі.
Бұл Аполлон бағдарламасының экипажы бар төртінші миссиясы және Ай орбитасына түскен (Аполлон 8 аппаратынан кейінгі) екінші миссиясы болды. Ұшу барысында орбита бойымен қозғалған жағдайдағы басқару модулі мен ай модулінің жұмысы сынақтан өткізілді.
Экипаж
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Томас Стаффорд — командир (үшінші ұшуы)
- Джон Янг — басқару модулінің ұшқышы (үшінші ұшуы)
- Юджин Сернан — ай модулінің ұшқышы (екінші ұшуы)
Экипаж Джемини бағдарламасына қатысқан ұшқыштардан жинақталды. Янг және Сернан кейіннен Айға қонған астронавтардың қатарында болды (сәйкесінше, Аполлон 16 мен Аполлон 17 кемелерінің командирлері ретінде).
Хронологиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1969 жылдың 18 мамырында сағат 16:49:00 UTC Аполлон 10 Флоридада орналасқан Кеннеди ғарыштық орталығынан көкке ұшырылды.
Жер орбитасымен айналған зымыранның соңғы сатысының қозғалтқышы старттан 2 сағат 33 минут 26 секунд өткенде іске қосылып, Айға бағытталған траекторияға шықты. Старттан 3 сағат 56 минут өткенде Аполлон 10 зымыранның соңғы сатысынан бөлініп, Айға сапарын жалғастырды. Біраздан кейін зымыранның соңғы сатысы Күнді айналуға көшті.
Старттан 75 сағат 55 минут 53 секунд өткенде ғарыш кеменің негізгі қозғалтқышы қосылып, аппарат Айдың орбитасына енді. Бастапқы апоцентр және перицентрі, сәйкесінше, 315 және 109 шақырым болды. Айналу периоды — 2 сағат 10 минут. Төрт жарым сағаттан кейін қозғалтқыш тағы қосылып, эллипстік орбитаны шеңберлік орбитаға (113,8 х 108,5 шақырым) түзеді.
Ұшу басталғаннан 98 сағат 22 минут өткен соң, Аполлон 10 Айды 12-ші рет айнала бастағанда, ай модулі басқару модулінен ажыратылды. Ай модулінің ішінде Стаффорд пен Сернан болды. Ол кезде ғарыш кемесі Ай бетінен 15,6 шақырым қашықтықта болды. Модульдердің ара қашықтығы 12 метрге жуық болып, сыбайлас ұшуы 25 минутке созылды. Стаффорд пен Сернан басқару модулін фотоға түсіріп, басқару модульде қалған Янг ай модулін түсіріп, Жермен түрлітүсті телевизиялық сеанс өткізді.
99 сағат 46 минут өткенде, ай модулінің қонуға арналған қозғалтқышы қосылды. Ол 28 секунд жұмыс істеп, модульді төмен орбитаға түсірді. Астронавттар келесі миссияның қонуына қолайлы жерді қарастырып, оны 6 минуттай бақылап тұрды және фотоға түсірді.
106 сағат 22 минут өткенде, ай модулі қайтадан басқару модулімен қосылды. Бұдан кейін басқару модулі орбита бойында әлі 29 сағаттай болған. Соңына қарай Жермен бір сағатқа созылған телевизиялық сеанс өткізілді.
Ұшу басталғаннан 137 сағат 36 минут 28 секунд өткен соң, ғарыш кемесі орбитамен 31 айналым жасап біткенде, негізгі қозғалтқыш қосылып, Жерге қарай бағдар алды. Ол кезде де астронавтар телевизиялық сеанс өткізді, Айдың біртіндеп кішірейгені түсірілді. Соңғы телесеанс, аппарат Жерден 66000 шақырым қашықтықта болғанда, орын алды.
191 сағат 49 минут 11 секунд өткенде, қозғалтқыштан ажыратылған экипаж бөлігі атмосфераға кірді.
192 сағат 03 минут 25 секунд өткенде, экипаж бөлігі Тынық мұхитының суларына қонды, бұл «Принстон» авиатасымалдағышынан 6,3 шақырым қашықтықта болды. Ол жерде таң атқаннан 40 минут өткен еді. Бір тәуліктің ішінде астронавтар авиатасымалдағыштан Хьюстонға жеткізілді.
Нәтижелері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]НАСА бұл миссияны толықтай сәтті деп таныды, барлық тапсырмалар орындалды. Ай бетіндегі таңдалған жердің алда жоспарланған адамның қонуына қолайлы екені расталды.
Аполлон 10 аппаратының Жерге қайтқан кездегі жылдамдығы 39 897 шақырым/сағат (11 шақырым/секунд) болды. Бұл экипажы бар кез келген көлік үшін ең жоғары жылдамдық.
Галерея
[өңдеу | қайнарын өңдеу]-
Зымыран-тасығыштың дайындалуы
-
Басқару модуліндегі экипаж старт алдында
-
Старт сәті
-
Ай көкжиегінде Жердің көтерілген сәті
-
Ай модулінің басқару модулімен жақындауы
-
Аполлон 10 экипажының суға қонуы
-
Басқару модулі Лондонның Ғылым мұражайында
-
Аполлон 10 түсірген Триснекер кратер маңы
-
Айдың көрінбейтін жағындағы Нехо кратері
Сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу] Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Apollo 10 |
- НАСА сайтындағы ақпарат Мұрағатталған 11 тамыздың 2020 жылы.
- Encyclopedia Astronautica Аполлон 10 туралы
- Apollo 10 Moon Orbit, видеоматериалдар
- Аполлон 10 түсірген фотосуреттер(қолжетпейтін сілтеме)
|