Мүктәрізділер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Мүктәрізділер
Қазбалық ауқымы: Carboniferous[1] – recent
Clumps of moss on the ground and base of trees in the Allegheny National Forest, Pennsylvania, USA.
Clumps of moss on the ground and base of trees in the Allegheny National Forest, Pennsylvania, USA.
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Өсімдіктер
Бөлімі: Мүктәрізділер
Schimp. sensu stricto
Кластары
Синонимдері
  • Musci L.
  • Muscineae Bisch.

Мүктәрізділер (лат. Bryophyta) — жоғары сатыдағы автотрофты өсімдіктердің құрылысы қарапайым тобы. Қазба қалдықтары карбон кезеңінен белгілі. Үштік және төрттік кезеңдерде Мүктәрізділер құрлыққа тарап, ареалдары қалыптасты. Солтүстік жарты шардан тропиктік, қоңыржай аймақтарға дейінгі пайда болған шымтезектердің қалың қабаттарының қалыптасуы Мүктәрізділердің тіршілік әрекетіне байланысты. Құрлықтағы тіршілікке бейімделген алғашқы өсімдіктердің бірі. Мүктерде өткізгіш не тірек ұлпалары жоқ, сондықтан олардың көлемі шағын болады және тек ылғалды жерлерде ғана өседі. Мүктердің даму циклінде гаметофит басым болып келеді. Бұл сабақтары, жапырақтары және ризоидтары бар көпжылдық жасыл өсімдік. Мүк спорофиті- үлкен гаметофиттің жоғарғы жағындағы қауашақ, онда споралар жетіледі.

Мүктер жер бетiнiң барлық жерлерiнде кездеседi. Әсiресе ылғалы мол жерлерде олар қалың болып өседi. Орманның батпақты жерлерiнде мүктер жер бетiн тұтас жауып жатады. Мүктердi ағаштан салынған үйлердiң шатырынан, ағаш дiндерiнен, тастардың, жартастардың бетiнен көремiз. Мүктi ағаштардың сынып түскен бұтақтарынан, тiптен терең тұшы сулардың түбiнен кездестiруге болады. Климаты аса қатал Артика мен Антарктиданың бiр қатар аудандарында жоғары сатыдағы өсiмдiктерден тек мүктер ғана өседi.

Тропикалық елдерде олар негізінен таулы жерлерде өседі. Аздаған түрлері ылғалы жеткіліксіз жерлерде, мысалы шөлейт аймақтарда кездеседі. Кейбір түрлері ағаштардың қабығында эпифит ретінде немесе суда өмір сүреді. Түрлерінің басым көпшілігі солтүстік ендіктің қоңыржай және суық климатты облыстарының ылғалы мол жерлерінде өседі. Мүк тәрізділердің тундраның, батпақты жерлердің және орманның өсімдіктер жабынының қалыптасуында алатын орны ерекше.

Мүктердi зерттейтiн ғылымды Бриология деп атайды.

Мүктәрізділердің 3 классы (бауыр мүктер класы Marchantіopsіda, нағыз мүктер класы Bryopsіda, антоцероттылар класы Anthocerotopsіda), дүние жүзi бойынша 22000-нан 27000-ға дейiн түрлерi кездеседi. Қазақстанда 400-ге тарта түрі анықталған.

Сипаттамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көпшілік түрлері көп жылдық, аздаған түрі ғана бір жылдық өсімдіктер. Мүк тәрiздiлер аласа болып келетiн көпжылдық, сирек жағдайда бiржылдық өсiмдiктер. Мүктердiң биiктiгi бiр миллиметiрден 70 сантиметрге дейiн жетедi. Мүктердiң құрылысы өте қарапайым түрлер де болады. Бiрқатар мүктердiң жер бетi бөлiгi тармақталып төселiп өседi, оны таллом деп атайды. Талломды мүктер көп клеткалы балдырларға ұқсас келедi. Мүктердiң басым көпшiлiгiнiң сабағы мен жапырағы болады. Барлық мүктерде тамыр болмайды. Тамырдың қызметiн ризоидтары атқарады. Ризоид — бiр немесе бiрнеше клеткалардан тұратын жiңiшке жiп тәрiздi эпидермистiң өсiндiсi. Ризоид арқылы өсiмдiк топырақтан суды және онда ерiген минералды затарды бойына сiңiредi.

Мүк сабағының сыртын бiр қатар клеткалардан тұратын қабықша жауып тұрады. Бұл клеткалардың хлорофилдерi болмайды. Қабықшаның астында клеткалары хлоропластарға толы, жақсы жетiлген фотосинтездеушi ұлпа орналасады. Өткiзгiш, тiрек, қор жинаушы және жабын ұлпалары нашар жетiлген. Су мен минералды заттардың сабақ бойымен тасмалдануы өткiзгiш ұлпалардың қатысуымен жүзеге асады.

Түсі – жасыл қоңыр, қызыл қоңыр. Белгілі бір затқа ризоидтары арқылы жабысып бекиді. Құрамында хлорофилі бар. Даму циклінде автотрофты гаметофиттің үлесі басым. Гаметофиттер ұзақ уақыт бойы дербес вегетативтік жолмен көбейіп таралады. Гаметангиялары екі түрлі жолмен: аталық (антеридия) және аналық (архегония) жыныс жасушалары жұптасып бір өсімдікте немесе бөлек екі өсімдікте пайда болады. Жыныстық көбеюден пайда болған зиготадан спорофит өсіп шығып, онда жыныссыз көбею органдары – спорогандар түзіледі. Соның ішінде споралар пісіп жетіліп, сыртқа шашылып, ауамен, сумен таралады. Споралары гаплоидты, олардан гаметофит өсіп жетіледі.

Мүктәрізділердің табиғатта судың тепе-теңдігін сақтауда маңызы зор. Кейбір түрлері (мысалы, сфагнум) антибиотик ретінде медицинада қолданылады. Сондай-ақ құрылысқа қажетті престелген тақтайшалар жасауға, ауыл шаруашылығында, әсіресе, отын көзі (шымтезек) ретінде пайдалынады. Өте сирек кездесетін түрлері: тықыр сфагнум, ірі жапырақты пахифиссиденс, жатаған ортотрихум қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. [2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Hubers, M.; Kerp, H. (2012). "Oldest known mosses discovered in Mississippian (late Visean) strata of Germany". Geology 40 (8): 755. doi:10.1130/G33122.1. ISSN 0091-7613. 
  2. "Қазақ энцклопедиясы - VI том"